Зауыттықтар Жайық жағалауын қоқыстан тазартты

26.08.2024
377 просмотров
Зауыттықтар Жайық жағалауын қоқыстан тазартты
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» кең ауқымды экологиялық акциясын өткізу туралы бастамасын іске асыру аясында Атырау мұнай өңдеу зауытының қызметкерлері «Таза жағалау» акциясына қатысуын жалғастыруда. 


Экологиялық іс-шараның мақсаты – өзен жағалаулары мен су қоймаларын қоқыстан тазарту. Бастама су ресурстарының экожүйесін қалпына келтіруге, су нысандарының тұрмыстық және өндірістік қалдықтармен ластануының алдын алуға бағытталған.

Бұл жолы акция телекөпір форматында өтті: «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның науқанға қатысушы еншілес ұйымдары тікелей байланыс арқылы әр өңірден ағымдағы жағдай туралы хабар берді. Мұндай тәсіл корпоративтік мәдениетті нығайтуға, сондай-ақ ортақ мақсаттар мен құндылықтарды қалыптастыруға көмектеседі.

Акцияға АМӨЗ-дің 250-ден астам қызметкері қатысты. Олар «АМӨЗ» ЖШС-нің су жинағыш стансасынан Жилгородок шағын ауданындағы жағажайға дейінгі зауытқа бекітілген аумақты түрлі қоқыстан тазартты. Акция барысында зауыттықтардың күшімен 320 қап қоқыс жиналды.

Іс-шара соңында кәсіпорынның бас директоры Ғалымжан Жусанбаев қатысушыларға қоршаған ортаны қорғауға бей-жай қарамайтындары үшін алғыс айтып, қоғамдағы экологиялық мәдениетті әрі қарай дамытуға шақырды.

«Біздің ұжым елді мекендерді абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалау жұмыстарына белсенді қатысып келеді. Бірлескен жұмысымыз бізге сеніп тапсырылған аумақтың және жалпы қаланың шырайын келтіретіндігіне сенемін», – деді АМӨЗ басшысы.

Бұдан бөлек «Таза Қазақстан» акциясы аясында зауыттың айналасы да қоқыстан тазартылды.

Назад к списку новостей

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз!
Жазылу