Атырау мұнай өңдеу зауытында Наурыз мерекесі тойланды

20.03.2026
302 просмотров
Атырау мұнай өңдеу зауытында Наурыз мерекесі тойланды

Атырау мұнай өңдеу зауытының ұжымы Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамын кеңінен атап өтті. Наурызнама онкүндігі аясында ұйымдастырылған мәдени-спорттық шаралар ұлттық дәстүрді жаңғыртып қана қоймай, ұжым ішіндегі өзара сыйластық пен бірлікті нығайта түсті.

Іс-шаралар легі мерекенің басты нышаны – Көрісу күнінен басталды. Зауыт аумағында құрылған этноауылда еңбеккерлер бір-бірімен қуана көрісіп, аман-саулық тілесті. «Амал келді – Жыл келді!» театрландырылған қойылым барысында қазақ халқының байырғы салт-дәстүрлері кеңінен насихатталып, көрермендерге ерекше көңіл-күй сыйлады. Әсем әндер шырқалып, күй тартылып, ұлттық билер орындалды.

Әз-Наурыз аясында ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға да ерекше мән берілді. 16 наурызда кәсіпорынның жас мамандары өндіріс ардагерлерімен кездесіп, оларды мерекемен құттықтады. Зауытта еңбек еткен жылдарын сағынышпен еске алған қариялар жастарға ақыл-кеңестерін айтып, бата берді.

17 наурыз күні этноауылда «Ізгілікке үлес қос» атты жәрмеңке өтті. Қайырымдылық шарасында кәсіпорын қызметкерлері дайындаған түрлі кондитерлік өнімдер, сусындар, қолоөнер бұйымдары мен балаларға арналған ойыншықтар ұсынылды. Жиналған қаражат аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетуге бағытталды.

Наурызнама аясында зауыт жұмысшылары асыға күтетін ұлттық спорт түрлерінен турнир де ұйымдастырылды. Биыл додаға 40-тан астам қызметкер қатысып тоғызқұмалақ, асық ату, бес асық, арқан тартыс және қой көтеруден сынға түсті.

Ұлыстың ұлы күнін атап өтуге арналған басты шара 20 наурызда өтті. Зауыттықтар этноауылға жиналып, кәсіпорын өнерпаздары мен жергілікті әртістердің өнерін зор ықыласпен тамашалады. Атырау мұнай өңдеу зауытының Бас директоры Қуаныш Бишімов өзінің алғы сөзінде ұжымды Ораза айт және Наурыз мейрамдарымен құттықтап, ұлттық спорт түрлерінен өткен жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттады. «Наурыз - Ұлы даланың Жаңа жылы, көктем мерекесі. Табиғатпен бірге адам да жаңарып, жаңа мақсаттарға ұмтылатын уақыт. Наурызбен тұспа-тұс келген Ораза айт құтты болсын! Жаңа жыл әр жанұяға құт-береке мен мол бақыт әкелсін», – деді зауыт басшысы.

Концерттік бағдарлама барысында қазақтың сәлт-дәстүрін дәріптеуде белсенділік танытқан зауыт еңбеккерлері да марапатталды. Шара соңында қызметкерлер мен ардагерлер киіз үйлерде жайылған, ұлттық тағамдарға толы дастарханнан дәм татып, ақ тілектерін білдірді.

«Атырау МӨЗ» ЖШС Баспасөз қызмет

Назад к списку новостей

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз!
Жазылу