Елбасы сапары

06.02.2014
1265 просмотров

Ағымдағы жылдың 6 ақпанында мұнайлы астанаға жұмыс сапары аясында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Атырау мұнай өңдеу зауытында болды.

Мемлекет басшысының биылғы «Қазақстан жолы-2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауында мұнай-газ өнеркәсібін дамыту жөніндегі бірқатар міндеттер жүктелді. «Бізге мұнай-газ секторының экспорттық әлеуетін сақтай отырып, басқару, өндіру және көмірсутектерді өңдеудің жаңа тәжірибелері керек. Мұнай мен газ өндірудің ықтимал сценарийлері бойынша түбегейлі шешімге келу керек» деген болатын Нұрсұлтан Әбішұлы.

Мемлекет басшысы зауытқа сапары аясында Қазақстан Республикасының үдемелі индустриялық-инновациялық дамуының мемлекеттік бағдарламасы аясында зауытта жүзеге асырылып жатқан «Ароматикалық көмірсутектер шығаратын кешен құрылысы» (АКШ) және «Мұнайды тереңдетіп өңдеу кешені құрылысы» (МТӨК) инвестициялық жобаларының барысымен танысты.

«АКШ құрылысы» жобасы аясында мұнай химиясы үшін шикізат (бензол және параксилол) өндіру қарастырылған. Келісім шарт құны - 1 064 млн. АҚШ доллары. Жобаның бас мердігері – қытайлық «Sinopec Engineering (Group)» ҚФ. 2010 жылдан бастап АМӨЗ-нда құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Бензинді фракциялардан бензолды ажыратып алу және параксилол алу мақсатында заманауи техникалық база қалыптастыруды көздейтін ароматикалық көмірсутектер шығару кешенінің құрылысы аяқтала келді. Ароматикалық көмірсутектер шығару кешенін мемлекеттік комиссия 2014 жылдың қыркүйегінде қабылдап алады.

АКШ жобалық қуаттылыққа шыққаннан соң құрамындағы күкіртті қосылыстар, ароматикалық көмірсутектер мен бензолды төмендетудің нәтижесінде сапасы жөнінен Еуростандарт талаптарына сай келетін автокөлік бензин өндірісі; Қазақстанда бензол және параксилол өндірісі жөнінен бірінші мұнай химия өндірісін құру; атмосфераға шығарылатын ластағыш заттар мөлшерін азайту (көміртек тотығы және азот) және заманауи технологиялар мен технологиялық жабдықтарды қолдану есебінен қоршаған ортаға әсерді төмендету қамтамасыз етілмек.

Зауытты қайта жаңғырту барысында қоршаған ортаға әсерді мейлінше азайту бағытындағы ең соңғы озық инженерлік шешімдер қарастырылған. Жоба жүзеге асырылғаннан соң жылына тазалық кепілдігі 99,9 пайыз болатын 133 мың тонна бензол және 496 мың тонна параксилол өндірілетін болады. Бұлар мұнай химиясы үшін шикізат болып саналатын қосылған құны жоғары өнімдер. Бензол полистирол өндірісіндегі негізгі шикізат ретінде қолданылса, полистирол полиэтилентерефтал өндірісінде атқарар маңызы зор. Осы өндіріс іске қосылса, Қазақстанда мұнай химиясы өндірісінің бірегей тізбегі қалыптасып, еліміз бұрынғыдай тек шикізатпен емес, дайын өніммен шығатын болады.

АМӨЗ-ында іске асырылып жатқан екінші ірі жоба - «Мұнайды тереңдетіп өңдеу кешені құрылысы» (МТӨК). Бұл үшін әлемдегі іргелі компаниялардың лицензиялар портфелі таңдап алынды (француздық «Axens» компаниясы американдық «UOP» компаниясы). «МТӨК құрылысы» Келісім шартының құны - 1 680 млн. АҚШ доллары. Жобаны құрамына қытайлық «Sinopec Engineering (Group)» ҚФ, жапондық «Марубени Корпорейшн» және отандық «ҚазҚұрылысСервис» компаниялары кіретін Консорциум жүзеге асыруда. Атырау МӨЗ-нда мұнай өңдеу тереңдігін арттыру мәселесін түбегейлі шешу қосымша өңдеу тереңдігін қамтамасыз ететін екінші процестерді (кокстеу, АВТ-3 вакуумды блогы), сондай-ақ каталитикалық крекингті енгізумен тікелей байланысты. Бұл комплекс жылына 2 миллион 400 мың тонна шикізат өңдеуге (қарамай, вакуумды газойль) есептелген. 5,5 млн. тонна жылдық мұнай өңдеу қуаты жағдайында АМӨЗ 1 миллион 745 мың тонна автокөлік бензинін, 1 миллион 640 мың тонна дизель отынын, 244 мың тонна авиакеросин өндіретін болады. Қарамай өндірісі 193 мың тоннаға дейін азаяды. Барлық мотор отындары Евро-5 стандартына сәйкестендіріледі. Осылайша жетпіс жылдық тарихы бар Атырау мұнай өңдеу зауыты бірер жылдан соң К-5 экологиялық класына сәйкес келетін мотор отындарын өндіретін болады.

Назад к списку новостей

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз!
Жазылу