Атырау МӨЗ өндірістік қауіпсіздікті цифрландырудың жаңа деңгейіне көтеруде

05.11.2026
6 просмотров
Атырау МӨЗ өндірістік қауіпсіздікті цифрландырудың жаңа деңгейіне көтеруде
Атырау мұнай өңдеу зауытындағы цифрлық трансформация өндірістік қызметтің жаңа бағыттарын қамтуда. Мұндай шешімдердің бірі – электрондық наряд-рұқсат жүйесін енгізу. Жүйе заманауи цифрлық құралдар мен жұмыстардың қауіпсіз орындалуын бақы
лаудың қосымша тетіктерін біріктіреді.
Жоба «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның 2025 – 2026 жылдарға арналған басым цифрлық жобалар жоспары аясында жүзеге асырылды. Оның негізгі мақсаты – қауіптілігі жоғары жұмыстардың орындалуын бақылау тиімділігін арттыру.

Жүйе жөндеу, жер қазу, электр-техникалық, от және газ қауіпті жұмыстарды қамтиды. Наряд-рұқсаттарға компьютер арқылы электрондық цифрлық қолтаңбамен (ЭЦҚ) немесе телефондағы eGov Mobile қосымшасы арқылы QR-кодты сканерлеп қол қоюға болады. Құжат барлық жауапты тұлға қол қойғаннан кейін ғана күшіне енеді.

Қол қою алдында әрбір наряд-рұқсат жасанды интеллект көмекшісінің тексеруінен өтеді. Ол енгізілген мәліметтердің дұрыстығын тексеріп, ескерілмеген қауіпсіздік шараларын анықтайды және зауыттық нұсқаулықтардағы тиісті талаптарға сілтеме береді. Дегенмен, соңғы шешімді жауапты маман қабылдайды.

Қазіргі уақытта жүйе зауыттың барлық өндірістік нысанында қолданылады. Іске қосылғанға дейін қызметкерлер оны пайдалану бойынша арнайы оқудан өтті.

Жүйе қолданыстағы барлық наряд-рұқсаттарды бір цифрлық ортаға жинақтап, олардың қолданылу мерзімін бақылауға және зауыт аумағында қауіптілігі жоғары жұмыстар жүргізіліп жатқан орындарды анықтауға мүмкіндік береді. Бұл басшылық пен еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау қызметінің бақылауын жеңілдетіп, өндірістік процестердің ашықтығын арттырады.


«Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС баспасөз қызметі

Назад к списку новостей

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз!
Жазылу