Атырау МӨЗ кешенді экологиялық рұқсат алу аясында қоғамдық тыңдау өткізді

09.10.2026
16 просмотров
  Атырау МӨЗ кешенді экологиялық рұқсат алу аясында қоғамдық тыңдау өткізді
2026 жылдың 9 қазанында Атырау мұнай өңдеу зауыты «Каспиймұнайгаз» ҒЗЖИ» АҚ-мен бірлесіп, кешенді экологиялық рұқсат (КЭР) алу аясында қоғамдық тыңдау өткізді.
Іс-шараға Атырау МӨЗ бен мемлекеттік органдардың өкілдері, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері, экобелсенділер және қала тұрғындары қатысты.

Тыңдау барысында Атырау МӨЗ-дің КЭР алу аясында әзірленген жобалық құжаттамасы қаралды. Онда шығарындылар мен төгінділер нормативтері, технологиялық нормативтер, қалдықтарды басқару және өндірістік экологиялық бақылау бағдарламалары, физикалық әсер ету нормативтері, сондай-ақ экологиялық тиімділікті арттыру бағдарламасы қамтылған. Ұсынылған шаралар кәсіпорынның қоршаған ортаға әсерін азайтуға бағытталған.

Экологиялық тиімділікті арттыру бағдарламасы жалпы құны шамамен 174 млрд теңгені құрайтын 18 табиғатты қорғау іс-шарасынан тұрады. Олардың қатарында технологиялық пештердің жанарғыларын ауыстыру, газды фракциялау қондырғысын жаңғырту, резервуарларға понтондар орнату, жаңа сорғы станциясы мен алау газдарын қайтару блогын, сондай-ақ баяу кокстеу қондырғысында буларды ұстау блогын салу жобалары бар.

Бағдарламаның негізгі бағыттарының бірі – су ресурстарын тиімді пайдалану. Бұл мақсатта тұщы су дайындау және тазартылған суды қайта пайдалану көлемін арттыру жобалары қарастырылған.

Тыңдауға қатысушылар іс-шаралардың орындалу мерзімдері мен олардың экологиялық әсері туралы сұрады. Атырау МӨЗ мамандарының айтуынша, бағдарламаны іске асыру атмосфераға шығарылатын ластаушы заттардың белгіленген лимитін кезең-кезеңімен азайтуға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, шығарындылар лимитін 2020 жылғы шамамен 20,1 мың тоннадан 2030 жылға қарай 12,6 мың тоннаға дейін төмендету көзделген. Сондай-ақ осы кезеңде Жайық өзенінен алынатын тұщы судың жылдық лимитін 7,9 млн м³-ге дейін қысқарту жоспарланған. Ал булану алаңдарына жіберілетін ағынды сулардың лимиті жылына 8,6 млн м³-ден 4,9 млн м³-ге дейін азайтылмақ.

Зауыт мамандары КЭР берілген жағдайда Экологиялық тиімділікті арттыру бағдарламасында көзделген іс-шаралар кәсіпорын үшін міндетті болатынын түсіндірді. Олардың орындалуын мемлекеттік органдар бақылап, Атырау МӨЗ бағдарламаның іске асу барысы туралы жыл сайын есеп беріп отырады. Әр іс-шара бойынша нақты мерзімдер мен нысаналы көрсеткіштер белгіленген. Бұл тек жоспарланған жұмыстардың орындалуын ғана емес, олардың экологиялық тиімділігін де бағалауға мүмкіндік береді.

Қоғамдық тыңдау соңында қатысушылар Атырау қаласындағы экологиялық жағдайдың жақсаруы табиғатты қорғау шараларын жүйелі түрде жүзеге асырумен тікелей байланысты екенін атап өтті. КЭР алу Атырау МӨЗ-ге экологиялық жобаларды белгіленген мерзімде іске асырып, қоршаған ортаға әсерді азайтуға бағытталған жұмыстарды жалғастыруға мүмкіндік береді.


«Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС баспасөз қызметі

Назад к списку новостей

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз!
Жазылу