Атырау МӨЗ 2026 жылдың 8 айындағы қызметін қорытындылады

04.09.2026
19 просмотров
Атырау МӨЗ 2026 жылдың 8 айындағы қызметін қорытындылады
Атырау мұнай өңдеу зауыты 2026 жылдың алғашқы 8 айында мұнай өңдеу және негізгі мұнай өнімдерін шығару бойынша көрсеткіштерді жоспардан асыра орындады. Зауыттың еңбек ұжымымен өткен есептік кездесуде бас директор Мұратжан Мұсайбеков кәсіпорын жұмысының қорытындылары, әлеуметтік бағдарламалардың іске асу барысы және жыл соңына дейінгі негізгі міндеттер туралы айтты.
Есепті кезең аралығында Атырау МӨЗ 3,6 млн тонна шикі мұнай өңдеп, жоспарды 57 мың тоннаға артық орындады. Автобензиндер өндіру көлемі шамамен 1,3 млн тоннаға жетіп, жоспардан 79 мың тоннаға асты. Дизель отынының өндірісі 1,3 млн тоннаны құрады, бұл жоспарланған көлемнен 144 мың тоннаға көп. Авиаотын өндірісі 149 мың тоннаға жетіп, жоспардан 16 мың тоннаға жоғары болды.

Ашық түсті мұнай өнімдерінің үлесі 80,3%-ды құраса (жоспар – 74,4%), мұнайды өңдеу тереңдігі 90,9%-ға жетті (жоспар – 84,5%). Жыл соңына дейін шикізат өңдеу көлемін 5,7 млн тоннаға жеткізу жоспарланған.

Кездесу барысында әлеуметтік міндеттемелердің орындалуына да ерекше назар аударылды. Кәсіпорында персоналды оқыту және дамыту жұмыстары да жалғасуда. Жыл басынан бері 867 қызметкер біліктілігін арттыру курстарынан өтті. Қазіргі уақытта 11 адам зауытқа жаңа кадрлар даярлауға бағытталған «Жас маман» және дуальды оқыту бағдарламалары аясында білім алуда.

«Зауытта өндірістік нәтижелер, қаржылық көрсеткіштер және ең бастысы – кәсіби ұжым бар. Біздің міндетіміз – қол жеткізген көрсеткіштерді жай ғана сақтау емес, оларды тұрақты әрі, ең бастысы, қауіпсіз қамтамасыз етуге қабілетті екенімізді дәлелдеу. Бүгін мен айтқан әрбір көрсеткіштің артында адамдар тұр. Олардың әрқайсысын үйде отбасысы мен балалары күтіп отыр. Сондықтан әрбір қызметкеріміздің ауысым аяқталғаннан кейін үйіне аман-есен оралуы үшін барлық қажетті шараларды қабылдауымыз қажет», – деді бас директор.

Кездесуді қорытындылай келе, М.Мұсайбеков құрылымдық бөлімшелердің басшыларына жыл соңына дейін экологиялық талаптар мен өнеркәсіптік қауіпсіздік нормаларын қатаң сақтай отырып, өндірістік бағдарламалардың орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен қатар кәсіпорынның операциялық тиімділігін арттыру, технологиялық отынды тұтыну мен мұнай өнімдерінің шығынын азайту мәселелері басым міндеттер ретінде айқындалды.


«Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС баспасөз қызметі

Назад к списку новостей

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз!
Жазылу