Шара Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауындағы басым бағыттарды түсіндіріп, талқылау мақсатында ұйымдастырылды.
Қонақтар цифрлық трансформация, жасанды интеллектіні енгізу мүмкіндіктері, жаңа технологияларды қолдану арқылы өндіріс тиімділігін арттыру мәселелеріне тоқталды. АМӨЗ қызметкерлері Мемлекет басшысы белгілеген стратегиялық міндеттер туралы өз ойларымен бөлісіп, еліміздің тұрақты дамуы үшін оларды жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті.
Атырау мұнай өңдеу зауыты өндірістік процестерге цифрлық жобаларды қарқынды түрде енгізіп келеді. Олардың ең маңыздыларының бірі — 2019 жылы іске қосылған Advanced Process Control (APC) жүйесі. Ол қондырғылардың жүктемесі, бағаналар мен пештердің температурасы секілді негізгі параметрлерді автоматты түрде бақылап, жабдықтардың тұрақты әрі тиімді жұмысын қамтамасыз етеді. Жүйені енгізудің нәтижесінде энергия тұтыну көлемі азайып, мұнай өнімдерінің өндірісі артты. Атап айтқанда, 2025 жылы АМӨЗ тәуліктік дизель отынының өндірісін рекордтық 7,3 мың тоннаға дейін жеткізді.
Биыл зауытта бейнеаналитика және жасанды интеллектке негізделген пилоттық жоба аяқталды. Жаңа жүйе тәулік бойы бейнемониторинг жүргізіп, өндірістегі олқылықтарды жедел анықтап, алдын алуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде жарақат алу қаупін азайтып, оқыс оқиғалардың санын қысқартуға және еңбекті қорғау талаптарының сақталуын күшейтуге ықпал етеді.
Сондай-ақ қыркүйек айынан бастап шикізатты өңдеу қызметтеріне өтінім беру процесі де толығымен цифрландырылды. Өтінімдерді электрондық форматқа көшіру нарықтың барлық қатысушылары үшін тең және ашық қолжетімділікті қамтамасыз етеді.
Бұдан бөлек зауытта Hysys инженерлік модельдеу жүйесі, өндірісті басқаруға арналған Manufacturing Execution System (MES), активтердің тиімділігін басқару үшін қажет Asset Performance Management (APM) және басқа да заманауи цифрлық жобалар енгізілген. Олар өндірістік процестердің тиімділігін арттырып қана қоймай, айтарлықтай экономикалық пайда әкелуде.
Кәсіпорын алдағы уақытта да Президент Жолдауында айтылған міндеттерді басшылыққа ала отырып, өндірісті жаңа технологиялар арқылы жетілдіруді жалғастырады.
«АМӨЗ» ЖШС Баспасөз қызметі
Назад к списку новостей