Светлана Мусагалиева 1947 жылы Атырау облысында дүниеге келген. 1967 жылы Атырау мұнай өңдеу зауытына орталық зертханаға қызметке орналасқан.
«Сол жылдары қызметке орналасып, сол ортаға бейімделіп кету өте қиын еді. Зертхананың бақылау бөлімінде қырық жылға жуық лобарант болып жұмыс жасадым. Кейін аға лаборант болып көтерілдім. Сол заманда кешкі техникум деген болатын. Қызметімді атқара жүре сол техникумда білім алып, білім мен кәсібімді қатар алып жүрдім. Басында үш ауысым бойынша қызмет еттік. Кейін екі ауысым болды. Бірте бірте 12 сағаттық жұмыс уақытына ауысты», - деп еске алды Светлана Мусагалиева.
Светлана Мусагалиеваның сөзінше әлі дайын болмаған өнімге бақылау жасап, тексеріп, қателігі болса, қайтадан жөнелтіп отыратын болған. Сол кездегі орталық зертхананы басқарған И.Рябова, М.Сладкова, Е.Капуова сынды жандардың өз еңбек өтілінде алар орны ерекше екендігін де атап өтті.
Әр жасалынатын талдауда бір лаборанттан бөлінген, хлоридті айдау, өңделмеген мұнай өнімдері мен бензиндерге талдау жасалған.
Сонымен қатар өндіріске қатысты қызметті атқарып қана қоймай, сол кездің жоспары бойынша подхозға бір күнге жұмыс жасауға аттандыратын. Бірде жеміс-жидек терсе, бірде құрылыс жұмыстарына араласып кететін. Бір қолымен әлемді, бір қолымен бесікті тербетер нәзік аналарымыздың қырық жаны барын тағы бір дәлелдесе керек. Қара жұмыстан қорықпай, ішер асының ақысын адал табуды сол кезден миына түйіп алған.
Сонымен қатар №4 цехта кіші сіңілісі де аз уақыт болса да еңбек еткен. Ол кезде қазіргідей жаңа қондырғылар болмаған. Сол себептен де ұжым да аз ғана болатын. Ал, қазіргі таңда жаңғырту орын алып, жаңа қондырғылар бой көтеріп, соның есебінен ұжым да күннен күнге өсіп келеді.
«Ол кезде ұжым өте ұйымшыл еді. Таңның қалай атып, күннің қалай батқанын байқамаушы едік. Әркім өз жұмысын білетін. Әрбір жасалған іске жауапкершілікпен қарап, бастағанын соңына дейін аяқтауға тырысатын. Жұмыстан қашпайтынбыз. Қандай жұмыстың түрін ұсынса да ары қарай алып кетіп, сол іске жауапкершілікпен қарап діттеген мақсатымызға да жететінбіз», - дейді зауыт ардагері.
Расымен де әрбір қызметкер өз ісіне адал болса, еңбегінің жанғаны, еленгені. Зауыт ардагерлерінің қайсысын алып қарасақ да, еңбектеген шағынан еңкейген қарияға айналғанша зауыт табалдырығына көптеген жылдарын арнап, өндірісті өмірлеріне айналдыра білген.
«Мен зауытқа ризамын. Зауыттың арқасында үйлі болдым, нанымды адал тауып жедім. Әлі күнге дейін елеулі күндерімізді естен шығармай ұлықтап тұрады», - деп алғысын білдірді.
«Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС осы уақытқа дейін кәсіпорынның дамып, гүлденуіне үлесін қосып, тынбай енбек еткендерді ұмытқан емес. Ардагерлерді ардақтап, жас мамандарға қолдау білдіруден тынған жоқ. Зауытқа болашақта да тек өркендеуді тілеймін деп тілегін жаудырып шығарып салды.
Назад к списку новостей