Жаңа міндеттемелер айқындалды

18.01.2019
1755 просмотров
Жаңа міндеттемелер айқындалды

«Құрметті әріптестер жаңа жыл құтты болсын. Жаңа жыл әр отбасыға тек бақыт, ал жұмыста табыс әкелсін. Жаңа жыл басталғалы жаңа мақсат, жаңа бастамалар, жаңа жоспарлар енгізіліп жатыр. Кемшіліктер жойылып, қажеттіліктерді толықтырып, күшімізді арттырып, спорттың дамуына үлес қосуға тырысу қажет. Бүгінгі таңда осы жиынға өткен жылды қортындылау мақсатында жиналып отырмыз», - деп бастады №16 өрт сөндіру бөлімінің бастығы Қанат Крыкбаев.

Ағымдағы жылдың 11 қаңтар айында жеке құраммен бөлім бастықтарының қатысуымен өткен жылды қортындылау мақсатында бөлімнің акт залында жиын ұйымдастырылған болатын. Шараға «Өрт Сөндіруші» АҚ филиалы бастығының орынбасары Михайл Хагай қатысып, жаңа жылдың жоспарымен бөлісіп, келер жылдың тапсырмаларын айқындады.

Спикерлерге сөз беріліп, әр мәселе жіті талқыланып, кемшіліктерді түзетуге ат салысуды тапсырды. Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша қортындылау мақсатында, өрт сөндіру және авариялық құтқару қызметі бастығының орынбасары Асланбек Кенжегарин баяндады. Баяндамада өрт сөндіру және авариялық құтқару қызметінің басты бағытын атап өтті. Қорғалған обьектідегі дабылдарға сонымен қатар орын алған өрттер мен өртке жатпайтын жануларға кезекші қарауылдардың шығуларына тоқталып өтті. Авариялық құтқару техникалары туралы мәлімет беріп, олардың көлік және өрт қауіпсіздік талаптарына сай екендігіне дәлелдер келтірді. Өрт техникасын жаңғырту мен оларды пайдалану жағдайларына белсене араласқандығын атап өтті. Кезекші қарауылдардың кәсіби шеберліктерін атап өтті. Ол газ және түтін қорғау қызметтерінің желілері, жұмысшыларға еңбек жағдайларының жасалуы, кезекші қарауылдардың өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуі, соның ішінде су көздерінің маусымдық тексерулерін ұйымдастыруға арналған орындарда өрт қауiпсiздiгi бекеттерiн қауiпсiз жағдайларда ұйымдастыру бағыты бойынша жасалған жұмыстар жөнінде баяндады. Қызметкерлер филиалдағы, сондай ақ мемлекеттік және мемлекеттік емес өртке қарсы қызметтері арасында өткізілген жарыстарға белсенді араласып, жүлделі орындарға ие болғандығын да атап көрсетті.

         Осы тұста Михайл Хагай қызметке жаңадан қабылданған жас құтқарушылардың белсенділік танытпай отырғандығын айтып, спорттық жарыстарға араласуын сұрады. Себебі, осындай қарқынмен кететін болса, ондай қызметкерлердің кәсіби жарамдылығы туралы ғана емес, сонымен қатар өрт бөлімінің үздік дәстүрлерін, мемлекеттік емес өрт сөндіру бөлімшелерінің және мемлекеттік өртке қарсы қызмет бөлімшелерінің кадрлар даярлауының имиджі мен үлгісін сақтап қалу мәселесін тудыратынын атап өтті.

                Екінші мәселе бойынша «Газ қауіпсіздігі және өрт бақылау» бойынша бөлім бастығының орынбасары Павел Ермолаев сөз сөйледі:

«Нұсқаушы құраммен жүргізілген алдын алу жұмыстары кезінде өрт және газ қауіпсіздігі талаптарынан 836 бұзушылық анықталды. Тексеріс нәтижесі бойынша сәйкессіздікті жою үшін 230 ұсыныс хаттар табысталды. (2017 жылы 195 - ұсыныс, нұсқаумен 677 бұзушылық). Мердігер мекеме қызметкерлерінің өрт қауіпсіздік ережелерін сақтамаған себепті 110 бұзушылық анықталып, 30 акт дайындалды. Өндірістегі өрт оқиғасының алдын алу мақсатында жүргізілген насихат жұмыстарын өткізу аясында цехтардың тематикалық жоспарларына сәйкес инструкторлар өрт және газ қауіпсіздігі бойынша 97 сабақ өткізіп, жалпы 1589 адамды қамтитын түсіндірме жұмыстарын өткізді. Зауыт объектілерінде өрт пен газ қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жұмыс жалғасуда және үнемі қадағаланады».

Аталмыш баяндама бойынша да басшылық тарапынан кемшіліктерді түзету талап етіліп, жаңа тапсырмалар берді.

Келесі мәселе бөлімнің кәсіподақ комитетінің есебімен жалғасын тапты: «№16 Өрт және авариялық құтқару бөліміндегі кәсіподақ ұйымының құрамында 119 адамнын 112 адамы тіркелген. Қызметкерлердің балаларын жазғы демалыс орындарына жіберу сонымен қатар жаңа жылдық шыршаға қатыстыру мақсатында 115 билет алынды. Сонымен бірге мерекелер қарсаңында ұжым жұмысшыларының арасынан адал еңбек етіп, шеберлігін танытқан қызметкерлерді ынталандыру да қаралған. Және де спорттық жарыстарға ат салысып, жеңімпаздарымыз ұлықталу үстінде. Материалдық көмек көрсету жағынан келсек те бөліміміз көмек көрсетуге дайын. Қызметкерлеріміздің шаңырағында қайғылы жағдай орын алған уақытта материалдық көмек көрсетіледі. Сонымен қатар көптеген әлеуметтік жұмыстар атқарылуда»,- дейді бөлімнің кәсіподақ комитетінің төрайымы Балкия Мухитова.

Күн тәртібіндегі мәселелер қаралып, жеке құрам толғандырған сұрақтарын қойып, мардымды жауаптар алды.

Айта кетейік, Атырау мұнай өңдеу зауыты мен «Өрт сөндіруші» АҚ шарттың уақытын тағы бес жылға ұзартты. Бұл дегеніміз атқарылған қызметтің оң нәтиже бергендігі дейді Михайл Хагай. Сонымен бірге алға қойылған жоспарлар мен міндеттемелерді тиісінше орындау үшін бірқатар тапсырмалар берілді.

Арайлым Қабдешова



Назад к списку новостей

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз!
Жазылу