Ол – 30 жылдан астам уақыттан бері Атырау мұнай өңдеу зауытының кірме жолдарында жол жөндеу шебері болып еңбек етіп келеді. Бұл – екінің бірінің қолынан келе бермейтін, ыстығы мен суығына қатар төтеп беруді талап ететін мамандық. Бірақ кейіпкеріміз үшін аталмыш кәсіп жай ғана жұмыс емес, өмірінің ажырамас бөлігі.
Марат Тасымұлы – 1966 жылы Атырау облысы, Қызылқоға ауданына қарасты Тасшағыл ауылында дүниеге келген. Орта мектепті тәмамдаған соң, комсомол жастар бригадасында, құрылыс саласында жұмыс істейді. 1987 – 1988 жылдар аралығында №1 кәсіптік-техникалық училищеде (ПТУ) токарь мамандығы бойынша білім алып, кейінгі екі жылда химиялық зауытта еңбек етеді.
Жасынан еңбектің қадірін түсінген ол, теміржолшы болуды жүрек қалауымен таңдаған. Кеңестік кезеңде Германияда әскери борышын өтеп келіп, тәртіп пен ұйымшылдықты бойына сіңірген жас жігіт 1990 жылы Қазақстан темір жолының ПЧ-13 жол шаруашылығы бөлімшесіне монтер болып орналасады. Осы саланың қыр-сырын терең меңгере келіп Атырау мұнай өңдеу зауытына ауысады. Бұл аралықта «Пром Транс», «АНПЗ Транс», «Атырау Логистик», «Батыс Транс» сияқты бірқатар мекемелерде тұрақты қызмет атқарады.
Алайда компания атаулары ауысқанымен, Марат Тасымұлының теміржолға деген адалдығы өзгерген жоқ. Өз ісіне берілген, қарапайым әрі еңбекқор маман теміржол бойында күн демей, түн демей қызмет етеді. Ол үшін әр болт, әр рельс – қауіпсіздік кепілі.
Еңбекпен есейген азамат отбасылық өмірде де – үлгілі әке, сүйікті жар. Жұбайы Анархан ханыммен бір қыз өсіріп, тәрбиелеген. Үйде де, түзде де жауапкершіліктен жалтармаған Марат мырза кейінгі жастарға үлгі бола алады.
Қызмет барысында Марат мырза басшылық тарапынан бірнеше мәрте марапатқа ие болған. Ол – жай ғана тапсырманы орындай салатын жұмысшы емес, өз ісіне жанашырлықпен қарайтын кәсіби маман. «Темір жол саласында бір күн де тыным жоқ. Қыста боран, жазда аптап – бәріне шыдас беру керек. Және ұсақ-түйек деген болмайды. Бәрі де маңызды. Өйткені бұл – адамдардың амандығы, жолаушылардың қауіпсіздігі», – дейді өзі.
Жыл сайын тамыз айының алғашқы жексенбісінде елімізде Теміржолшылар күні аталып өтеді. Бұл – ел экономикасына үлес қосып жүрген теміржолшылардың мерейі тасып, еңбегі еленетін күн. Осындай айтулы мерекеде темірдей төзімімен, мінсіз қызметімен көзге түскен Марат Төкешовке тек сәттілік пен қажымас қайрат тілейміз.
Возврат к списку