Зейінді зертханашы

Зейінді зертханашы 14.04.2026

Зейінді зертханашы

«1966 жылы қаңтар айында көпбалалы отбасыда дүниеге келдім. Ата-анамыздан тараған алты бауырдың ішіндегі төртінші перзентімін. Әкем мен анам қарапайым еңбек адамдары болды. Өз мамандықтарының үздіктері болды. Ұзақ жылдар бойы қызметте болып, құрметпен еңбек демалысына шыққан жандар. Өкінішке орай олар қазір өмірде жоқ. Сол кісілердің арқасында өсіп-өніп, тәрбиеленіп, білім алып, отбасын құрып, әр саланың мамандары ретінде қызмет етіп жатырмыз», - деп бастады әңгімесін кейіпкеріміз.

1983 жылы орта мектепті үздік аяқтап, сол жылы Ресейдің Волгоград қаласындағы химиялық-технология техникумына оқуға түседі. Техник-технолог мамандығын игеріп шыққан Күнсұлу Адильжанқызы 1987 жылы шілде айында Атырау мұнай өңдеу зауытының орталық зертханасына жұмысқа орналасады.

«Қызметке тұрған жылы лобарант көмекшісі кейін аға лобарантқа көтерілдім. 2008 жылдан бері ауысым химигі лауазымы міндетін атқарып келемін. Әр жұмыстың өз қиындығы мен қызығы қатар жүреді. Осындай қиындығы мен қызығы мол мамандықты таңдағаныма еш өкінбеймін. Көптеген жаңа қондырғылар іске қосылды, қиындықтар болды, көп оқыдық, көп іздендік соңында бәрін үйреніп, игеріп алдық. Осы саланың қыр-сырын жалықпай үйретіп, білікті тәжірибелерін көрсетуден жалықпаған ұстаздарыма алғысымды айтамын. Ол кісілердің көбісі қазір құрметті демалыста. Қасымдағы әріптестерім өз істерінің майталмандары. Мен де өз тәжірибемді жастарға үйретуден аянбаймын», – дейді Күнсұлу Рахимова.

Редакция ұжымы да кейіпкеріміздің жұмыс орнына барып, қызметімен танысып қайтқан болатын. Күнсұлу Адильжанқызының әріптестерімен ара-қатынасы, жұмысына деген махаббаты әр әрекетінен, сөздерінен байқалып тұрды. Бірге қызметтес болып жүрген мамандардың пікірі еңбек адамын жаңа қырынан танытқандай болды.

Эльонора Орналиева, «ОЗЗ» СО мұнай және мұнай өнімдері зертханасының инженер-химигі:

– Алғашында мен басқа бөлімде қызмет етіп жүрген кезімде Күнсұлу Адильжанқызын өте қатал, мінезі ауыр жандай қабылдайтын едім. Үнемі айқайлап жіберетіндей болатын. Қазір 3 жылға жуық бір бөлмеде отырамыз. Уақытымыздың көп бөлігін бірге өткіземіз. Өте ақкөңілжан деп айта аламын. Дауыс ырғағын көтеріп сөйлегенімен жанашырлығы, адамгершілігі бір төбе.

Динара Кенжеғалиева, «ОЗЗ» СО инженері:

– Күнсұлу Адильжанқызын жауапкершілігі жоғары маман ретінде толық айта аламын. Өз ісіне деген адалдығы, жұмысының жоғары дәрежеде орындалуына мән беретін жан. Сырты қатты, іші жұмсақ, жүрегі мейірімге толы. Қасындағы әріптестеріне жанашыр. Бәріміз – біріміз үшін деген ұстаныммен жүреді десем де болады. Бірбеткей, алға қойған мақсатына жетпей қоймайтын мықты тұлға ретінде сыйпаттағым келеді. Кез-келген сұрағымызға ерінбей жауап беріп, білмеген тұстарымызға аса бір ұқыптылықпен үйретуден жалықпайтын тамаша жан ретінде білемін. Осылайша Күнсұлу Рахимова өз ісінің майталманы ғана емес, жүрегі кең, кішіпейіл, адамгершілігі мол тұлға екендігіне көз жеткіздік.

Сонымен қатар жастық шағында спортпен шұғылданғандығын да естіп қалдық: «Жас кезімізде жүгіру спортымен айналыстым. Қазіргі таңда денсаулығымның жақсы деңгейде болуы, қалпымды сақтап, қызметте зыр жүгіріп жүруім де сол спорттың арқасы шығар. Спорт – ол ең алдымен дисциплина. Ал тәртіп бар жерде барлығы дұрыс болады деп ойлаймын. Бүгінде орталық зауыт зертханасының жетістіктерге жетуі де темірдей тәртіптың арқасы. Ол бізге байырғы басшыларымыз салып кеткен фундамент. Сол іргетасын құлатпай биіктерге көтеруге әр қызметкер тырысып келеді. Зертханадан түлеп ұшқан талай мамандарымыз үлкен лауазымдарда еңбек етуде. Бұл біз үшін үлкен мақтаныш».

Кейіпкеріміз жұмысын жақсы көргені соншалық, қиындығы мен қуанышы қатар жүретін ауыр жұмыстардың өзін сүйіп жасайды.

«Ең алғаш жұмысқа тұрған кезімде қиынсынып, жұмыстан шығамын деген кезім есімде. Бірақ марқұм әкем басу айтып, ең болмағанда өзіңе 1 ай уақыт бер, қолыңнан келмей жатса ғана жұмыстан кетіп үлгересің деген ақылын айтқан. Міне содан бері 38 жыл өтіпті. Қазір күнделікті жұмысымызды шемішке шаққандай жасап жүрміз», – деп еске алды.

Тау тұлғалардан тәлім алып, оны кейінгі жас мамандарға үлгі ретінде жалғастырып келе жатқан Күнсұлу Рахимова бізбен де өмір сабақтарымен бөліскен болатын: «Өмірдегі ұстанатын қағидам адамгершілік, еңбекқорлық, кішіпейілділік, сыйластық. Кейінгі жастар осыны ұстанса бар қиындықты жеңе біледі деп сенемін».

Иә, расында да берік ұстаныммен алға қойған мақсатыңа жету кез-келгеннің қолынан келе бермесі хақ. Бүгінде арамызда осындай білім мен тәрбиені ұштастыра білген жандардың бары қуантады.

Количество показов: 5

Возврат к списку

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз!
Жазылу