Тау тұлғалы Тұрлан

Тау тұлғалы Тұрлан 14.04.2026

Тау тұлғалы Тұрлан

Мұнайшы әкеден балаға қара алтынға деген қызығушылық берілмейтіндей жағдайлар кемде – кем. Әкенің бала өміріндегі рөлі орасан. Көпшілігі әке жолын жалғауды арман етсе, кейбірі әкемдей болу мақсатым деген ұранды ұстанады. Тұрлан Балгереев 1993 жылы Атырау облысы Сағыз ауданында дүниеге келеді. Үйдегі төрт перзенттің екіншісі. Кішкентайынан ата, әке тәрбиесін көріп өскен бала Тұрлан әке жолын жалғап мұнай саласын таңдауды жөн көреді. Мұнай-газ ісі мамандығы бойынша политехникалық ЖОО тәмәмдаған соң АМӨЗ көлік инфрақұрылымын дамыту жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қызметке тұрып, 4 жыл еңбек етеді. Десе де Атырау мұнай өңдеу зауытына жұмысқа тұру атты арманы бір сәтке де естен шыққан емес. Серіктестікте қызмет ете жүріп жары Алтынаймен танысып, отау құрады. Өмірлік серігінің отбасы да мұнай саласының майталмандары. Бұл да бір белгі болса керек.

2023 жылы Тұрлан Балгереев Атырау мұнай өңдеу зауыты мұнай өнімдерін өндіру және тасымалдау өндірісінің эстакада операторы лауазымын алады. «Өзім көптен ойлап жүрген мақсатым орындалып зауытқа қызметке орналастым. Жұмысым өзіме ұнайды. Күніне шамамен 15 машинаға тауар тиейміз. Бір ауысымда 5 адам болып қызмет атқарамыз. Ұжым өте ұйымшыл. Бір-бірімізге көмек беруге, қолдауға әзір тұрамыз. Жұмыс орның – екінші үйің іспеттес. Сондықтан жұмыстағы ауа-райы маңызды деп есептеймін», – дейді маман.

Зауытта екі жылға жуық қана қызмет етсе де, ұжымдастарының Тұрлан туралы керемет ойда. Қызметте адал, жарқын мінезді, қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып, әлеуметтік іс-шаралардың жоғары деңгейде өтуіне ат салысатындығын алға тартты.

«Өзге емес, өзім айтам өз жайымда, – деп Қасым Аманжолов жырлағандай Тұрлан Балгереевтің өзі де естеліктерін жасырмады: – Мектеп кезінен шараларға қатысуға тырысатынмын, футбол ойынын да тысқары қалдырмаймын. Қайырымдылық іс-шараларына күні бүгінге дейін ат салысамын. Ол ұжымдастырма, достарыма, жақындарыма қолдау көрсету деп білемін».

Тұрлан сонымен қатар бүгінде көп ер адамның бойынан жойылып бара жатқан тұрмыстағы қабілеттердің барлығын игерген. Жөндеу жұмыстары, әрлеу, безендіру сынды істер кейіпкеріміз үшін үйреншікті нәрсеге айналған.

Ер-азамат қашанда ерлерге тән қажыр-қайраттың, ерік-жігердің, ақыл-парасаттың иесі болғаны жөн. Азамат тұлғасын ажарландырып, айшықтай түсетін де осы қасиеттер. Ер-азаматтың тұлғасы тек қиындықта ғана емес, күнделікті өмірде де дараланып тұрса қандай ғанибет! Әр жігіт спортпен, денешынықтырумен айналысып немесе өзін-өзі үнемі шыңдап жүрсе оның нағыз ер тұлғалы азамат болып қалыптасары анық. Бүгінгі таңда азаматтарымызға күштілікпен бірге білімдарлық та, ділмарлық та, кісілік те қажет. Ер жігітке ұсақтық жараспайды. Ал осы айтылған қадір-қасиеттердің барлығы бүгінгі кейіпкеріміздің бойынан көрінгені қуантарлық жағдай. Оның барлығы отбасындағы тәрбиеге, көз көргенге байланысты деп білеміз. «Тәрбие – тал бесіктен» деп бекер айтпаса керек...

«Әкем істің адамы. Үнемі түздің де үйдің де жұмысын қатар атқарып жүретін еңбекқор жан. Мен соны көріп өскен соң, әкемнің берген тәрбиесіне күмән келтіруге хақым жоқ деп білемін. Ол кісінің айтқан сөздері әлі де құлағымда және есімнен шығармауға тырысамын. Балаларыма да сол тәрбиені беруге тырысамын. Әкем әлі күнге дейін «ұрлама, өтірік айтпа» деген сөздерін аузынан тастамайды. Мен үшін сол сөздер өмірлік ұраныма айналғандай».

Иә, «әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген нақыл сөздердің мәнісі осы болса керек. Тұрлан Балгереев бүгінде үш баланың әкесі. Осындай нар тұлғадан тараған ұрпақтың жаман болмасы сөзсіз.


Количество показов: 4

Возврат к списку

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз!
Жазылу