Өрт сөндіру – жүректің жұмысы

Өрт сөндіру – жүректің жұмысы 26.09.2024

Өрт сөндіру – жүректің жұмысы

Кейіпкеріміздің пікірінше бұндай ойға тәжірибесінің арқасында келген. Себебі өрт жайбасарлық пен салғырттықты кешірмейді.
«Мен алғаш зауытқа жұмысқа тұрған кезде АВТ қондырғысында өрт орын алды. Өз күшімізбен сөндіріп алдық. біраз уақыттан соң АТ2 қондырғысында сорғының жануы болды. Ол да ешқандай шығынсыз сөндірілді. Қызметіміз болған соң, техникамен жұмыс жасағандықтан ондай жағдайлар көп болады. Өрт туралы хабар алған бойда көлікті жүргізіп, кешіктірмей жану орнына өрт сөндірушілерді жеткізіп, команда берген уақытта сорғыны қосып қолымыздан келген көмекті береміз. Біз тек жүргізушіміз деген болмайды», – деп еске алды Төлепберген аға.
Ол 2005 жылы зауыттың өрт сөндіру бөліміне қызметке орналасады. Оған дейін Жамбыл атындағы өндірістік кооперативте жүргізуші болып жұмыс жасаған. Ата-анасы балық және егін шаруашылығын дөңгелеткен жандар. Балалық шағында ата-анасының еңбекқорлығына қанып өскен бала Төлепберген сол қасиетті өз бойына да дарытып, бос уақытында егін егуді әдетке айналдырады.
Төлепберген Бакитов 11 немере 5 жиеннің сүйікті атасы екендігін де тілге тиек етті: «жолдасым да егін егумен айналысты. Қазір 3 ұл бір қызым бар. Екі ұлым менің жолымды жалғастырып, өрт сөндіру мекемелерінде қызмет атқарады. Барлығы да отбасылы. Бүгінде қолымыз босай қалса немере-жиендеріммен уақыт өткізуге тырысамыз».
20 жылға жуық зауыттың №14 өрт сөндіру бөлімінде қызмет ете жүріп, талай жастарға үлгі болған.
«Менімен бірге қызмет етіп жүрген жастар батыл, еліне қызмет етуден жалықпайды. Бос уақыттарын құр өткізбей, спортқа арнайды. Бөлімнің мамандарымен мақтанамын. Қиыншылықта мойымай, алғырлықтарын танытып жатады. Жаңа айтып кеткенімдей, бұл мамандық ержүректердің саласы. Кез-келген адам қызмет ете алмайтын жер. Сондықтан ұжымдастарыма тек жетістік тілеймін», – деп марқая баяндады.
Темірдей тәртіпті қажет ететін салада, темір тұлпарды тізгіндей жүріп, осынша жылдың қас қағым сәтте өткендігін де түртіп қалды.
19 қазан «Құтқарушылар күні» өткендігі белгілі. Өз кезегінде мерекеге орай «Апаттық-құтқару қызметі жұмысшыларының жергілікті кәсіподағы" қоғамдық бірлестігінің атынан бөлімнің бір топ қызметкерлері медальдармен, Алғыс хаттармен ұлықталды.
Соның ішінде №14 өрт сөндіру бөлімінің жүргізушісі Төлепберген Бакитов «Еңбек даңқы» медалімен марапатталды. Ал қараша айының соңында құрметті еңбек демалысына аттанбақ.

Количество показов: 287

Возврат к списку

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз!
Жазылу