«Кішкентайымнан анам баубақша салып, үй тірліктеріне пысық болуды үйретті. Мектепті аяқтап, училищеге түстім. Оны тəмəмдап, Атырау мұнай өңдеу зауытына қызметке тұрдым. Содан бері зауыт қызметкерлерімен бір толқында қызмет етіп келемін. АМӨЗ мен үшін өте ыстық, себебі, балалық шағымнан кəсіпорынның өмірін құлағыма сіңіріп өсіп, есейе келе өмірлік серігімді осы қара шаңырақта кезіктіріп, қызықты сəттерімді осы жерде өткіздім», - дейді Светлана Адильбаева.
Сонымен қатар кейіпкеріміз зауыттың қоғамдық жұмыстарына белсене араласып, әрбір іс-шарадан олжалы оралуды әдетке айналдырған. 2 жыл бұрын ғана халықаралық әйелдер мерекесіне орай өткізілген жүзу спортынан да топты жарып шығып, бірінші орынға ие болған.
«Жүзу спортымен кəсіби түрде айналыспасам да хоббиім ретінде жаныма жақын көремін. Тек жүзу спорты емес, кез келген спортпен шұғылданатын спортшының бойында бірінші мінез, ерік-жігер болуы керек. Сен мінезіңмен, қайсарлығыңмен кез келген қиындыққа қасқайып қарсы тұра аласың. Бұдан бөлек волейбол, велоспорт жəне мəнерлеп сырғанау спорттарына қызығушылық танытып, айналысып тұрамын», - дейді кейіпкеріміз.
Орта жастан асса да, көптеген жастарымызға төтеп беретін Светлана Адильбаева қазіргі таңда жылу және электр энергиясы өндірісінде суды химилық жолмен тазалау аппаратшысы болып қызмет етуде.
«Мен өз қызметімді де сүйіп жасаймын. Өйткені жұмыс өте қызықты. Яғни өзіміз тұтынатын суды əзірлейміз. Ол бу қазандарында 1000 градусқа дейін қайнайды. Бұдан да басқа этаптардан өтеді. Мен де халқыма аз да болса өз үлесімді қосып жатырмын деп есептеймін. Кезінде біздің тəлімгерлеріміз де өте мықты мамандар болатын. Барлығын басынан аяғына дейін түсіндіріп, үйретіп, жанашырлық танытатын»,- деп сағына еске алды.
«Еңбек жолында Светлана Адильбаева өзін білікті маман, адал, тәртіпті қызметкер ретінде көрсетті. Үнемі өзінің кәсіби деңгейін арттырады, инновацияларды бақылайды және зерттейді, оларды практикалық іс әрекетте сауаттықолданады. Светлананың ерекшелігі оның өндірістік мәселелерге үнемі алаңдаушылығы, оны шешуге тырысуы. Зауыттың қоғамдық өміріне белсенді қатысады және өрт қауіпсіздігі бойынша зардап шеккендерге көмек көрсету жарыстары кезінде командада жүлделі орындарға ие болды. 8 наурыз мерекесіне орай алғыс хатқа ие болды», - деп сыр шертті әріптестері.
Қазіргі таңда Адильбаевтар династиясы үзілген жоқ. Олардың ұрпақтары да кәсіпорынның дамуына елеулі үлесін қосып жүрген отбасы. Светлана Адильбаева бүгінде бес перзентті дүниеге әкелген мейірімді ана. Аналық жүрегімен ұрпақ сабақтастығын үзбей, сонымен бірге қазіргі таңдағы ең маңызды және көптің қолынан келе бермейтін салауатты өмір салтын ұстануды жөн көреді.
Возврат к списку