Гүлшат Бегиева 1962 жылы 16 қаңтарда Атырау қаласындағы дүниеге келді. Ол Н.К. Крупская атындағы №18 орта мектебінде білім алды. Оның әкесі де, анасы да адал еңбек атқарған зейнеткерлер. Жастайынан алғыр, ашық болып өседі. Саусағынан өнері тамған Гүлшат қолғап, шұлық, шарф тоқудың хас шебері. Ол 1982 жылы тұрмыс құрып, Мардан және Камиль есімді ұлдарды өмірге әкелді. Оның отбасындағы екі ұл «Теңізшевройл» кәсіпорнында қызметте. Қазіргі кезде Гүлшаттың 4 немересі бар.
Келесі кейіпкеріміз Зейнеп Еркебаева 1962 ж. 28 қаңтарда Атырау қаласындағы туылды. Ол Еркінқала орта мектебінде оқыған. Бала кезден Зейнептің міңезі жайдары, тілалғыш, кез келген іске мұқият болған. Ол 10 шы сынып оқып жүргенде оның әкесі дүниеден өтеді, содан соң анасының және үш бауырының қамын ойлап жұмыстың жайын ойлаған.
Зейнеп пен Гүлшат №13 училищесінде технологиялық компрессорлар машинисі мамандығын тәмамдады. Зауытымызға Гүлшат 1981 ж., Зейнеп 1982 ж. табан тіреді. Зейнеп зауыттың өзіне жақын мекемеге айналғанын және осы жерде өмірлік жары Қоныс Еркебаевты жолықтырғанын айтты. Олардың жалғыз ұлы Ғибрат ата-анасының ізін қуып зауытта қызмет етуде. Бір қызығы, Зейнеп пен Гүлшат бір-біріне нағашы-жиен. Олар зауытқа келгенде олардың оқыған мамандығы бойынша жұмыс болмай, технологиялық сорғы машинисі саласында шеберліктерін шыңдайды. Осы сала бойынша алғашында №4 цехте, кейін №43 тауарлық сорғы станциясында қызмет етеді. Олардың негізгі жұмысы сұйық және газ тәрізді заттарға арналған құбырларға қызмет көрсету болды. Профилактикалық тексерулер, жөндеу, іске қосар алдында жүйенің барлық элементтерін тексеру, ақауларды тапқан жағдайда себебін анықтап, жою олардың негізгі міндеті болды.
-Зауытта 41 жыл еңбек еткен соң әрине, қимаймын. Осы жасқа жеткен, жетпеген де жандар бар. Расында белсенді, ұйымшыл ұжымға кезіктім. Мен келген уақытта үлкендер көп болды. Осы тұста Марфа ТРАФИМОВНА, Мария БАКАНОВА, Вегера ЗАВЬЯЛОВА, Аманқұл МЕНДІҒАЗИЕВ, Алпыспай ҚҰЖИЕВ атты ұжымдастарыма және басшымыз Орақ ОРАЗМҰХАМБЕТОВКЕ алғыс айтамын, - деді Гүлшат Бегиева.
-Зауытта 40 жыл еңбек еттім. Бұл салаға келгеніме еш өкінбедім. Ұжымдастарым көп қолдау көрсетті, әсіресе НҰРЛАН АҚТӨРИЕВКЕ, Құрманжан ОРАЗОВҚА, Рая СЕГІЗБАЕВАҒА және басшымызға алғысымды білдіремін, - деді Зейнеп Еркебаева.
Ағымдағы жылдың 21 тамызында Зейнеп пен Гүлшаттың ұжымдастары және басшысы Орақ Оразмұхамбетов мардымды тілектерін айтып, сыйлықтар сыйлап, құрметпен оларды зейнеткерлікке шығарып салды. Саналы өмірін зауытқа арнаған қызметкерлеріміз талай жастардың еңбегіне сіңісіп, оларға жол сілтеушілердің қатарында болды. Осыған дейін қызметкерлерімізге зауыт атынан «Қазақстан конституциясына 25 жыл», «Атырау мұнай өңдеу зауытына 70 жыл», «Қазақстан мұнайына 120 жыл» мерекелік медальдері, «Зауыт ардагері атағы», «Құрмет грамотасы» берілді. Олар еліміздегі ірі кәсіпорында қызмет еткеніне алғысын айтып, зауыттың өрге өрлеуіне тілек білдірді. Еңдеше зауытымызға еңбегін танытқан зейнеткерлерімізге өмірінің келесі кезеңіне сәттілік тілейміз!
Возврат к списку