Ердің атын еңбек шығарады

21.10.2022

Ердің атын еңбек шығарады

  Ерсайын Қуанов отбасында 1 қыз, 2 ұл, 4 немере тәрбиелеп отырған үлгілі отағасы. Ол өз сөзінде шаңырақта да, кәсіпте де абыройлы болу үшін адалдық деген қасиетті ұмытпау керектігін жеткізді. Алғаш зауытта 2015 жылдың жаз мезгілінде сол кездегі жөндеу-механикалық цехында (қазіргі Қазтурборемонт) темір жонушы болып қызметін бастаған. Кәсіпқой бұранданы кесу, қырларын салу, жону, тегістеу, өңдеу, сыртқы цилиндрлік және конустық беттерді өңдеу сынды жұмыстарды атқарады.

  – Осы салада түрлі мекемелерде қызмет еттім. Ал зауытқа келгеніме тұп-тура 7 жыл болыпты. Қаптаған темірлермен жұмыс жасау оңай емес, бірақ жұмысым өзіме ұнайды. Қызметте түрлі түсті металдармен жұмыс істеймін. Сорғыларды тазартып, кемшіліктерін түзетіп, білдекке салып индикатормен тексеремін. Кей тапсырыстың ұзақ келуіне байланысты сорғы тығыздамасы сынды дүниелерді қолдан жасауға тура келеді. Жұмыс кезінде фланецтердің размері сәйкес келмейтін жағдайлар болады, оны да қалпына келтіреміз. Жонушы техникалық маман иесі болғандықтан физиканы, химияны, геометрия мен алгебраны, сызу заңдылықтарын білуді және төзімділікті талап етеді, – дейді жонушы Ерсайын Қуанов.

  Кейіпкеріміздің өзі айтқандай оның өнеркәсіпте белгілі маман болып қалыптасуына Самат ТҮКБАЕВ атты шебердің ықпалы тиген.

  − Зауытта 2012 жылдан бері көптеген қондырғыларда қызмет ететін жұмысшыларға басшылық етемін. Алғашқы қызметке орналасқан сәттен Ерсайынның болмысынан бос сөзге жоқ, әр нәрсеге қырағы қарап, мұқият орындайтынын аңғардым. Ол қазіргі сәтте жастарға білмегендерін үйретіп тәлімгер сатысына көтерілді. Темір жонушы өте қажетті мамандық. Елімізде бұрын бұл мамандықты 3 жыл қатарынан оқып болған соң маман иесі атанатын. Қазіргі кезде 3-6 айлық курстарды тәмамдап келетін жастар көбейді. Олар түрлі материалдарды өңдеуге арналған білдектің не екенінен хабарсыз. Сондықтан Ерсайынды інілердің тәлімгері болғанын жөн көрдім. Себебі, оның арқасында Айдын Қалелов, Наурызбек Ғабитов атты жастар сатыларын жоғарылатты, - дейді шебер Самат ТҮКБАЕВ.

  Білікті маманның еселі еңбегі елеусіз қалған емес. Оған «АМӨЗ» ЖШС басшылығы атынан мұнай-газ кешені қызметкерлерінің кәсіби мерекесінде алғыс хат табысталды. Жонушы барлық қозғалысы темірге тірелген мұнай-газ өндірісінде ең ауыр еңбекті атқарады. Ал кәсібін толық игерген Ерсайын Қуанов сынды білікті мамандар расында мекемеге керек-ақ!


Количество показов: 12691

Возврат к списку

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз!
Жазылу