ЖАН ДҮНИЕСІ ШАТТЫҚҚА ТОЛЫ ГҮЛСІМ

26.03.2021

ЖАН ДҮНИЕСІ ШАТТЫҚҚА ТОЛЫ ГҮЛСІМ

Қазіргі таңда 3 баланың анасы 1968 жылы 18 қыркүйек күні Ақтөбе облысы қазіргі Айтеке би ауданында дүниеге келген. Əкесі бас есепші болып қызмет етсе, анасы балабақша қызметкері болған. Жастайынан Гүлсім Канибаева пысық, алғыр болып өседі. 1985 жылы мектепті аяқтап, Орск қаласында білімін жалғастырады. Кейін 1989 жылы бұрынғы Гурьев қаласына тұрмысқа шығады.

«Картадан қарап Гурьев қаласын өте әдемі деп елестететінмін. Теңіздің жағасында өмір сүремін деген ой болған. Алғашқы кезде адам аямайтын масалар, бауырмал балшығы мен үшін жат көрінетін. Сол кезде ата-енемнің қолдауы өте күшті болды. Қазіргі таңда қолымнан не келсе, барлығын енем үйретті. Ол жанға да алғысым ерекше. Жолдасымның апалары да көмектерін аямады. Солардың арқасында тез үйренісіп кеттім. Қазір Атырау қаласы мен үшін ыстық. Таза Атыраулық болып шыға келдім», - дейді күліп.

Алғаш басқа қалаға келген Гульсим Канибаева тігін фабрикасында қызмет етеді. Кейін 1993 жылы дәріхана желісінде жұмысын жалғастырып, кейін АМӨЗ транс мекемесіне экспорт операторы болып қызметке тұрады. Содан соң 2003 жылы Атырау мұнай өңдеу зауытына мұнай өндіру және тасымалдау өндірісіне оператор болып жұмысқа орналасады. Сол жылдардан бастап, 18 жыл бойы зауыт өмірімен етене байланыста.

«Біз Кенжеғалиевтер династиясы болып есептелеміз. Зауытта екі қайын апам, жолдасым, бір ұл, бір қызым қызмет етеді. Ұлым жақында ғана зауытқа жұмысқа орналасты. Кәсіпорын басшылығына үлкен алғыс айтамын», - дейді Гүлсім Канибаева.

Кейіпкеріміз бос уақытын сауат ашумен, яғни түрлі кітаптар оқумен өткізеді. «Əу» демейтін қазақ жоқ екені белгілі, дегенменде Гүлсім Канибаева кәсіптік-техникалық училищеде хорда екінші дауыста ән салған. Зауытта жүріп, қоғамдық жұмыстармен айналысып, көркем өнерпаздар сайысына екі мәрте қатысып, жүлделі орындарға ие болған.

«Қызметте ұжым өте белсенді әрі бірлігі жарасқан. Бізді тәрбиелеген аға буын өкілдері бізге жассыңдар демей барлығын үйретті. Қазіргі кездің өзінде жанымдағы әріптестеріммен он бес жылдан аса бір жерде қызмет етіп келеміз. Бір-бірімізбен тату әрі қайырымдымыз», - дейді Гүлсім Канибаева.

Қазіргі таңда қызметтен бөлек екі жиенін тәрбиелеп, бағып отырған асыл әже жиендеріне өзінің сауатымен үлгі. Қызықты деректер жазылған газеттер мен басылымдарды оқып, сауатты ұрпақ тәрбиелеуге зор үлесін қосуда. Тарихқа үңілгенді жаны сүйетін аяулы ана тарих қойнауындағы білімін де жетілдіруді ұмытпақ емес.


Количество показов: 12561

Возврат к списку

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз!
Жазылу