Ел қауіпсіздігі − энергетиктердің қолында!

22.12.2022

Ел қауіпсіздігі − энергетиктердің қолында!

   Осы мереке аясында зауытымыздың электр энергиясын қамтамасыз етіп жүрген орталық тарату бөлімінің инженер-энергетигі Сәлімжан СИСЕНОВ жайында сөз етпекпіз. 54 жастағы кейіпкеріміз Атырау облысының Құлсары ауылының тумасы. Ол 1983-1987 жылдары Гурьев темір жолы техникумында техник-электрик мамандығын тәмамдаған. Ал 1987-1989 жылдары әскерге шақыртылып, Россия елінің Иваново қаласында Отан алдындағы борышын өтеп, елге оралды.
Кейіпкеріміз жастайынан энергетик болуды армандап, туыстарының, достарының үйлерінде тоқ, жылу жүргізіп шаруаға ерте араласты. Уақыт өте бұл істің маманы екенін түсініп, кәсіби маман иесі атанды. Оның үлкен қызы Гүлназ менеджер, ортаншы ұлы Жандос жобалаушы болып қызмет етсе, кенже ұлы Жалғас әкесінің жолын қуып Қытай елінде электрші мамандығын оқып, осы бір салада қызмет етіп жүр. Сәлімжан ағамыз өз сөзінде балаларға ақыл-кеңес беріп, үлгі болатын жасқа жеткенін жеткізді. Осы бір мезетте дүниеден өткен әкесінің ақыл-кеңестері үнемі жетіспей тұратынын сағынышпен еске алды. Оның әкесі Инхай СИСЕНОВ бір кездері Құлсары ауылын басқарған ұлағатты жан болған екен.
   Сәлімжан Сисенов алғаш зауытқа 1994 жылдың күз мезгілінде келіп, еңбек жолын эксплуатация бөлімінде электрші болып бастады. 2003 жылы орталық тарату бөлімінің (ЦРП-2) учаске шебері, 2015 жылдан бастап электр жабдықтарын пайдалану 1-учаскесінің басшысы болды. 2021 жылдан бастап орталық тарату бөлімінің (ЦРП-2) инженер-энергетигі болып қызмет етіп келеді. Ол 2013 жылы қызметте адал және абыройлы еңбек атқарғаны үшін құрмет тақтасына енгізілген.

   −Бала кезде қалаға көшуді армандайтынмын. Өз мамандығыммен үлкен кәсіпорында қызмет еткім келетін. Ол кезде Атырау мұнай өңдеу зауытынан басқа ірі өндіріс ошағы жоқ. Сәті түсіп осы кәсіпорында қызметтемін. Алғаш келгенімде Шамрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ, Амангелді ӨТЕУЛИЕВ атты жандар көп қолдау көрсетті. Жұмысқа қатысты айтар болсам, әрине жұмыстың оңайы жоқ. Қазіргі кезде ЭЛОУ-АТ-2 қондырғысында, мұнай өнімдерін өндіру және тасымалдау өндірісінде тоқтарды жөндеп, қалыпты жұмыс істеп тұруы үшін жұмыстанудамын. Зауыттың мердігер компаниясында қызмет ететін электршілердің қызметін қадағалаймын, олардың жұмыстарының сапасын тексеремін және қажетті материалдарға тапсырыс беремін. Қазіргі кезде электрші мамандығында оқу бітірген жастардың тәжірибесі болмаған соң қызметке алмайды. Өз басым жастарды біліміне қарап қызметке алған дұрыс деп санаймын. Болашақта осы салада қызмет етемін деген жастарға әр істі ойланып жасауға кеңес беремін себебі, біздің кәсіп қауіпті болған соң өзіннің және біреудің тоққа түсіп қалмауын қамтамасыз ету міндетін. Қазіргі кезде заманауи жабдықтар дамуда, осыншама жасқа келсемде осы сала бойынша көптеген ережелер оқуды тоқтатқан емеспін. Сондықтан жастар қызметте жүрсе де білімін үнемі жетілдіріп жүруге тиіс. Өйткені, жұмыс кезінде оның пайдасы тиеді. Ұжымда барлығымыз бір-бірімізге сыйлы жандармыз. Бөлім басшысы Сергей ХЛОПЦЕВ өте әділ әрі әрқайсысымыздың пікірімізді тыңдап, ешкімді бөліп жармайды. Энергетиктердің яғни біздердің жұмысымыз өте қауіпті. Сондықтан әріптестеріме денсаулықтың амандығын және апаттық жағдайлардың болмауын тілеймін, - дейді инженер-энергетик Сәлімжан Сисенов.

  Расында өндірістің, барлық қондырғылардың, жалпы әлемнің жарығын жаңғыртуда энергетиктердің өркенді ісі құрметке лайық.  Сондықтан бұл салада аянбай етіп жүрген барлық энергетиктерді кәсіби мерекесімен құттықтаймыз!



Количество показов: 13608

Возврат к списку

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз!
Жазылу