Әлімсақтан Атыраудың тумасы Оңдағанды Жайық бойымен жүзетін кемелер қызықтыратын. Осы арман жетегінде өсті. Бозбала шағында жергілікті химиялық училищесін бітірді. Әскердегі азамттық борышын өтеді. Елге оралған соң, кеме жөндеу зауытына жұмысқа тұрды. Еңбек жолын темір жонушы болып бастаған ол, жұмысынан қол үзбей жүріп Астрахандағы өнеркәсіптік техникумын бітірді. Механик орта кәсіби мамандығын алып, кеме зауытында қызметін жалғастырды. Еңбегі бағаланып учаске шеберіне дейін көтерілді. Тәуелсіздік алған жылдардағы қоғамдағы өзгеріс, экономикалық дағдарыс кеме жөндеу зауытына да салқынын тигізген. Тапсырыс азайған соң, табыстың да берекесі кетті. Осы кезеңде Атырау мұнай өңдеу зауытына баруға шешім қабылдаған.
-1992 жылы болатын. Кеме жөндеу зауытында табан аудармастан 22 жыл қызмет етіппін. Жасым 40-қа жуықтаған. Әрине, бұл кезеңде үйреніп, төселіп қалған жеріңді басқа салаға ауыстыру өте ауыр болды. Бірақ, бел буған соң кері шегінгем жоқ. Мұнай өңдеу зауытына бір жерде жиырма жылдан астам тұрақты еңбек еткенім басымдық етіп, қабылдандым. Баяу кокстеу қондырғысында бұрғылау операторы болып бастадым. Одан соң реактор блогына ауыстырылдым. Механик мамандығым бар. Жұмыс соншалықты ауыр тиген жоқ. Бірақ, осы жерде үйрену керек болды. Оқудың, үйренудің жасқа қарамайтынын зауытта еңбек етіп жүрген кезімде түсіндім. Тәлімгерлерім Рүстем Бисалиев, Олег Гущин, Алтай Меңдіғалиев, Асқар Утешов, қондырғы бастығы Андрей Швайдер мен цех бастығы Юрий Шкодиндерден үйренгенім көп. Олар өз ісімен көрсетіп үйрететін. Әбден машықтанып кеткенше көмектесіп жүрді. Осылайша мұнай өңдеу ісіне төселдім. 1996 жылдан бастап иммараттарды тазарту блогында оператормын. Оған да 20 жыл өтіпті. Қай жұмысты да абыроймен атқаруға тырыстым. Еңбегім де еленді, түрлі марапаттар алдым. Зауытқа ризашылығым шексіз. Балалар өсіп келе жатқанда басшылық үй салуға қарыз ақша /ссуда/ бөлді. Осындай қамқорлық арқасында зәулім үй салып алдым. Бастысы мұнай өңдеу зауытына келгеніме өкінбеймін.
Оңдаған Аралбаевтың зауытта қызмет еткеніне 25 жыл өтіпті. Биыл зейнеткерлікке шығады. Ширек ғасырда еңбек адамы ретінде кәсіпорында орны болды. Өндіріске үлесін қосты. Енді оны сабақтастыра жалғыстырып әкету өзінің артынан ерген ізбасарларының еншісінде.
Возврат к списку