Атырау МӨЗ экологиялық көрсеткіштер мен 2026–2029 жылдарға арналған табиғатты қорғау жоспарларын таныстырды

30.10.2026
22 views
Атырау МӨЗ экологиялық көрсеткіштер мен 2026–2029 жылдарға арналған табиғатты қорғау жоспарларын таныстырды
2026 жылдың 30 қазанында Атырау мұнай өңдеу зауыты (Атырау МӨЗ) 2026 – 2029 жылдары қоршаған ортаға әсер етуге экологиялық рұқсат алу мәселесіне қатысты дөңгелек үстел өткізді. Талқылауға мемлекеттік органдардың, қоғамдастықтың өкілдері, экобелсенділер, қала тұрғындары, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері, сондай-ақ кәсіпорын мамандары қатысты.
Кездесу барысында зауыт мамандары экологиялық рұқсат алуға қажетті құжаттар пакетін таныстырды. Онда жол берілетін шығарындылар мен төгінділер нормативтерінің жобалары, қалдықтарды басқару және өндірістік экологиялық бақылау бағдарламалары, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау бағытындағы іс-шаралар жоспары көрсетілген.
Талқылаудың негізгі тақырыптарының бірі атмосфералық ауаны қорғау болды. 2020–2025 жылдары зауыт үшін белгіленген ластаушы заттар шығарындыларының лимиті 20,1 мың тоннадан 15,6 мың тоннаға дейін қысқарғаны атап өтілді. Жаңа экологиялық рұқсат аясында Атырау МӨЗ 2026–2027 жылдарға жылына 15,3 мың тонна, ал 2028–2029 жылдарға жылына 15,2 мың тонна көлемінде шығарындылар лимитін сұрап отыр.
Дөңгелек үстел барысында су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесі де қаралды. Арнайы су пайдалануға берілген рұқсатқа сәйкес, Жайық өзенінен алынатын тұщы судың лимиті 2026 жылы 11,9 млн м³, ал 2027 – 2029 жылдары жыл сайын 12,4 млн м³ құрайды. Осы кезең аралығында булану тоғандарына жіберілетін ағынды сулардың лимиті жылына 8,6 млн м³ көлемінде белгіленген. Аталған нормативтер Қазақстан Республикасының табиғат қорғау және заңнама талаптарына сәйкес, сондай-ақ кәсіпорынның жобалық қуаты мен жұмыс режимі негізінде есептелді.

Сонымен қатар Атырау МӨЗ жыл сайын 258 мың м³ тазартылған сарқынды суды қайта пайдалануды жоспарлап отыр. Айналым жүйелеріндегі су көлемі 2026 жылы 195 млн м³-ді құраса, 2027 – 2029 жылдарда бұл көрсеткіш 200 млн м³-ге дейін артады. Бұл тазартылған суды өндірістік процестерде қайта пайдалануға мүмкіндік береді және кәсіпорынның тущы суға деген қажеттілігін азайтады.
Атырау МӨЗ қалдықтарды басқару бағдарламасы аясында олардың жалпы көлемін 2026 жылдағы 82 443 тоннадан 2029 жылы 79 306 тоннаға дейін қысқартуды көздеп отыр.

Қоршаған ортаға әсерді одан әрі азайту мақсатында зауыт 2026 –2029 жылдарға арналған табиғатты қорғау іс-шараларының жоспарын әзірледі. Жоспар аясында күкірт өндіру және ЭЛТҚ-АТ-2 қондырғыларындағы бу-конденсат жүйесін жаңғырту, санитарлық-қорғау аймағын көгалдандыру, бензин мен авиаотынды герметикалық құюға арналған сорғы станциясының құрылысын аяқтау, сондай-ақ қалдықтарды жинау және тасымалдау жүйесін жетілдіру көзделген.

Дөңгелек үстел сұрақ-жауап сессиясымен аяқталды. Зауыт мамандары қатысушылардың сауалдарына жауап беріп, ұсынылған экологиялық көрсеткіштер мен кәсіпорынның алдағы жоспарларына қатысты түсініктеме берді.

«Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС баспасөз қызметі

Back to news list

Keep up with the latest news.
Subscribe newsletter!
Subscribe