Атырау МӨЗ-дің қоғамдық экологиялық кеңесі негізгі мәселелерді талқылады

2 views
Атырау МӨЗ-дің қоғамдық экологиялық кеңесі негізгі мәселелерді талқылады
2026 жылғы 30 қыркүйекте Атырау мұнай өңдеу зауытының қоғамдық экологиялық кеңесі жұмысын қайта бастады.
Жоспардан тыс отырыста кәсіпорынның қоршаған ортаны қорғау бағытындағы жұмысы, санитарлық-қорғау аймағының (СҚА) шекараларын қайта қарау, сондай-ақ Атырау МӨЗ-дің кешенді экологиялық рұқсат (КЭР) алуға дайындығы талқыланды. Жиынға сарапшылар құрамына кіретін зауыттың және экологиялық қауымдастықтың өкілдері мен қала тұрғындары қатысты.

Отырысты ашқан кәсіпорынның бас директоры Мұратжан Мұсайбеков қоғамдық экологиялық кеңестің жұртшылықпен ашық диалог орнатудағы маңызын атап өтті.

«Біз үшін зауытта атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып қана қоймай, жұртшылықтың сұрақтары мен пікірлерін тыңдау да маңызды. Осындай ашық диалог қала тұрғындарының ұсыныстары мен талаптарын жақсы түсініп, маңызды экологиялық мәселелердің шешімін бірлесіп табуға мүмкіндік береді», – деді ол.

СҚА шекараларын қайта қарау

Қоршаған ортаны қорғау бөлімінің басшысы Мөлдір Борашева СҚА шекараларын қайта қарау нормативтік талаптардың өзгеруіне және бұрын берілген санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды күшінің жойылуына байланысты екенін айтты.

2025 жылы Атырау МӨЗ атмосфералық ауа сапасы мен физикалық факторлардың әсерін бағалау мақсатында Атмосфералық ауаны қорғау республикалық ғылыми-зерттеу орталығының мамандарын далалық зерттеулер жүргізуге тартты.

Зерттеу нәтижесінде СҚА аумағы 805 гектардан 965 гектарға дейін ұлғайды. Келесі кезеңде жергілікті атқарушы органдар жаңа шекараға кіретін тұрғын үйлер мен басқа да нысандардың тізімін айқындайды. Алдын ала есептеулер бойынша, СҚА шекарасына шамамен 120 тұрғын үй кіреді.

КЭР алуға дайындық

Жиында Атырау МӨЗ-дің кешенді экологиялық рұқсат алуға дайындығы да талқыланды.

КЭР аясында кәсіпорында жалпы құны шамамен 174 млрд теңгені құрайтын 18 іс-шарадан тұратын Экологиялық тиімділікті арттыру бағдарламасы әзірленді. Бағдарлама аясында ең озық қолжетімді технологияларды енгізу, технологиялық жабдықтарды жаңарту, шығарындыларды тазарту және бақылау жүйелерін жетілдіру, ластаушы заттар шығарындылары мен жағымсыз иістің әсерін азайту, сондай-ақ Жайық өзенінен алынатын және булану алаңдарына жіберілетін су көлемін қысқарту көзделген.

Экологиялық тиімділікті арттыру бағдарламасын іске асыру нәтижесінде атмосфераға шығарылатын ластаушы заттардың лимитін 2020 жылғы 20,1 мың тоннадан 2030 жылға қарай шамамен 12,6 мың тоннаға дейін кезең-кезеңімен төмендету жоспарланып отыр.

«Зауыт үшін кешенді экологиялық рұқсат алу – жай ғана рұқсат құжатын алу емес. Оның аясында кәсіпорын өндірістік нысандарды кезең-кезеңімен жаңғырту, табиғат қорғау шараларын жүзеге асыру және қоршаған ортаға тигізетін әсерді азайту бойынша нақты айқындалған экологиялық міндеттемелерді өз мойнына алады. Біз үшін бұл міндеттемелерді дәйекті түрде орындау маңызды», – деді М.Мұсайбеков.

Кездесу соңында қоғамдық экологиялық кеңес мүшелері қоршаған ортаны қорғау мақсатында жоспарланған шараларды жүйелі түрде жүзеге асырып, жұртшылықпен ашық диалогты жалғастыру қажеттілігін атап өтті.


«Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС баспасөз қызметі

Back to news list

Keep up with the latest news.
Subscribe newsletter!
Subscribe