Атырау МӨЗ-де жоспарлы алдын алу жұмыстары өтеді

25.06.2026
252 views
Атырау МӨЗ-де жоспарлы алдын алу жұмыстары өтеді
2026 жылдың 26 маусымында Атырау мұнай өңдеу зауытында жоспарлы алдын алу жұмыстары (ЖАЖ) басталады. Жыл сайын өткізілетін кешенді іс-шара өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнама талаптарына және ҚР Энергетика министрлігі бекіткен кестеге сәйкес жүргізіледі.

Жоспарлы алдын алу жұмыстары технологиялық қондырғылардың сенімді әрі қауіпсіз пайдаланылуын қамтамасыз етуге, жабдықтардың тұрақты жұмысын сақтауға және өндірістік процестердің тиімділігін арттыруға бағытталған.

ЖАЖ аясында ауқымды іс-шаралар кешені жүзеге асырылады. Атап айтқанда, 20 реактор, 213 сыйымдылық, 32 колонна және 231 жылу алмастырғыш жабдыққа өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарына сәйкес техникалық куәландыру, тексеру және сараптама жүргізіліп, құбыр желілерінің жекелеген учаскелері ауыстырылады. Бірқатар технологиялық қондырғыда 335 тоннадан астам катализаторды ауыстыру көзделген. Автобензин, дизель және авиаотын секілді жеңіл мұнай өнімдері өндірісінің көлемін арттыру мақсатында ЭЛТҚ АВТ-3 қондырғысындағы вакуумдық колоннаның ішкі құрылғылары жаңартылады. Сонымен қатар, жабдықтардың сенімділігі мен апатсыз жұмысын қамтамасыз ету үшін жекелеген сыйымдылықтар, жылу алмастырғыштардың құбыр шоқтары және сорғы агрегаттары ауыстырылады. Ластаушы заттардың атмосфераға таралуын барынша азайту мақсатында жабдықтарды тазалау процесі жабық дренажды жүйеде жүргізіледі. Аталған іс-шаралар зауыттың жұмысы толық тоқтатылған кезде ғана орындалуы мүмкін.

ЖАЖ барысында еңбек қорғау, өнеркәсіптік және өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуына ерекше назар аударылады.

Жөндеу жұмыстарына шамамен 1 685 маман мен 53 бірлік арнайы техника тартылады.

Жоспарлы алдын алу жұмыстары кезінде мұнай өнімдерін жөнелту Энергетика министрлігі және «ҚазМұнайГаз» АҚ ҰҚ-мен келісілген кестеге сәйкес жинақталған қор есебінен жүзеге асырылады. Зауыттың резервуарлық паркінде жинақталған отын көлемі: автобензин (АИ-95, АИ-92) – 38 мың тонна, дизель отыны – 31,3 мың тонна, авиаотын – 6,8 мың тонна. Бұл қор ішкі нарыққа біркелкі жөнелтіледі.

«Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС баспасөз қызметі

Back to news list

Keep up with the latest news.
Subscribe newsletter!
Subscribe