Өз ісінің үздіктері анықталды

15.06.2026
180 views
Өз ісінің үздіктері анықталды
Атырау мұнай өңдеу зауытында дәстүрлі «Үздік маман» кәсіби шеберлік конкурсы қорытындыланды. 
Биыл өз ісінің үздігі атағын кәсіпорынның 130-дан астам қызметкері сарапқа салды. Екі айға созылған байқау аясында қатысушылар «Технологиялық қондырғының үздік операторы», «Технологиялық сорғылардың үздік машинисі», «Компрессорлық қондырғының үздік машинисі», «Химиялық талдаудың үздік зертханашысы», «Үздік аспапшы», «Үздік электр газбен дәнекерлеуші» және «Үздік токарь» номинациялары бойынша білімдері мен шеберліктерін көрсетті.

Сайыс теориялық тестілеу, практикалық тапсырмалар мен қорытынды әңгімелесу кезеңдерінен тұрды. Іріктеу сынақтарының нәтижесінде финалдық турға 49 қатысушы жолдама алды. Шешуші турдың қорытындысы бойынша жоғары кәсіби даярлығы мен өндірістік тәжірибесін тиімді ұштастыра білген 17 қызметкер жеңімпаз атанды.

Салтанатты марапаттау рәсімінде Атырау МӨЗ бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары – бас инженер Нұрлан Ещанов жеңімпаздарды құттықтап, олардың жетістіктеріне жоғары баға берді.

«Сіздердің әрқайсыңыз бұл марапатқа әбден лайықсыздар. Зауыттың тұрақты дамуы мен өндірістік көрсеткіштерінің жоғары болуы – қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтай отырып атқарған қажырлы еңбектеріңіздің нәтижесі. Алдағы уақытта да кәсіби шеберліктеріңізді шыңдап, жаңа белестерді бағындыра беріңіздер», – деді Н.Ещанов.

Атырау мұнай өңдеу зауытында жыл сайын өткізілетін «Үздік маман» байқауы жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға, қызметкерлердің біліктілігін дамытуға және кәсіпорынның кадрлық әлеуетін нығайтуға бағытталған.


«Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС баспасөз қызметі

Back to news list

Keep up with the latest news.
Subscribe newsletter!
Subscribe