Сәуір айында да зауыттың ардагерлер Кеңесі игі дәстүрден жаңылмай мерейлі жасқа толған зейнеткерлерін құттықтады. Оларға зауыт басшылығының Алғыс хаты табысталып, бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Ай сайын ардагерлер Кеңесі мерейгерлерді құттықтаудың сан алуан тақырыбын ойлап табады. Сәуір айындағы шара христиандардың Пасха мерекесіне орайластырылды. Мерейгерлерді құттықтау шарасын ашқан ардагерлер Кеңесінің төрайымы Людмила Скоробогатова:
- Сіздерді құттықтау рәсімі христиандардың Пасха мерекесімен орай келіп отыр. Көпұлтты Қазақстанда қай дін болмасын аталып өтілетін мерекелері біз үшін маңызды. Сондықтан да сіздерді алдымен пасха мерекесімен құттықтаймын. Пасха-Христостың қайта тірілуінің нұрлы мейрамы - христиан дінінің ежелгі әрі ең маңызды мейрамы, Христостың өліп, қайта тірілуінің құрметіне тойланады. Христиан діні бойынша, Иса Мәсіх пайғамбардың «Христос» деген лауазымы бар, ол Құтқарушы және Құдайдың Ұлы. Діни мереке бәрімізге ортақ. Зейнеткерлерді мерейтойларымен құттықтау біздің ізгі дәстүрімізге айналды. Қарияларымыз бір жасап, қуанып қалады. Ал, ол біз үшін үлкен мәртебе. Мерейтойларыңыз құтты болсын!
Сәуір айындағы мерейгерлер ішінде Мария Силина 80 жасқа толыпты. Ол 24 жыл зауытта қызмет етіп, кейінгілерге үлгі болған жан. Ал, 70 жасқа келген Юрий Таршилов пен Лидия Хандокиналар бір жылы бір күнде, бір перзентханада туған екен. Сондай-ақ, 70 жастағы мерейгер Валентина Шкодина өмірінің 28 жылын зауытқа арнапты. Бәрінің өмір жолы, еңбек жолы өнеге. Бәрі де зауыттың өркендеуіне барынша атсалысқан майталмандар. Бүгінде бақытты ата-әже атанған. Айтқандай, 70 жасқа толған Кенжеғыз Тоқтабаева зауытта еңбек ете жүріп, 10 баланы дүниге әкеліп бағып-қағып жеткізген алтын құрсақты ана. Құттықтау рәсіміне шақырту алғанда қатты толқыдым да қуандым, дейді ол:
- Мені ұмытпай құрмет көрсетіп жатқан зауыт басшылығына, ардагерлер Кеңесіне алғысым шексіз. Ел қатарлы еңбек еттім. Профилакторийде кір жуушы болдым. Қара жұмысты бір адамдай істедік. Сөйтіп жүріп, 10 бала тәрбиелеп өсірдім. Бәрі де өз несібесімен келді. Ешкімге көп балам бар деп міндет қылған емеспін. Екі қызым жолымды жалғап зауытта қызмет етті. Бүгінде 18 немерем бар. Олардан өрбіген шөберелерім бір төбе. Мен бақытты анамын деп айта аламын. Балаларды ешкімнен кем қылмай жеткіздік. Олар өз жолдарын тапты. Еңбек адамы үшін бастысы не керек? Ол елеп ескеру. Бүгін сондай құрметтің куәсі болып отырмын. Бәріне ризамын.
Аналық алғысын білдірген Алтын алқалы анаға зауыт басшылығы мен кәсіподақ комитетінің Алғыс хаты табысталып, сыйлығы берілді.
Шарада 65 жасқа толған Владимир Забродин, Евгений Севрюгин, Валерий Сулиевтер де ұлықталып, марапат иеленді. Құттықтау барысында ардагерлер естеліктерін айтып, өткенді қимастықпен естеріне алды. Өмірден өткен әріптестері мен замандастарын да ұмытқан жоқ. Осындай көңілді өткен ізгі дәсітү мерейгерлерге үлкен әсер қалдырды.
Back to news list