Әке жолын жалғаған Марат

14.04.2017
1854 views

Оның зауытта жұмыс істеуге деген құлшынысы 15 жасында басталған-ды. Кәсіпорында еңбек етіп жүрген шағында өмірі ерте үзілген әкесінің жолын жалғастыру мақсаты болатын. Алдымен тәжірибеден өтіп жүрді, кейін жұмысқа алынды. Әкең өлсе де, көзін көргендер өлмесін деген нақылдың растығына осы кезде көзі жеткен. Үлкендердің дені барынша қамқорлығына алды. Үйретті, тәрбиеледі. Осылайша Марат Айдинов зауытта табан аудармастан 43 жыл еңбек етіпті. Еңбегі еленді. Артынан ерген жастарды баулып, мамандыққа машықтандырды. Ізбасарлары дайындалған соң құрметті демалысқа шыққан.      

Сәл шегініс. Марат Айдиновтың әкесі Хайрулла Айдинов зауыт тарихында алтын әріппен жазылып қалған тұлға. Гурьевтегі ФЗО-ны бітіріп, 16 жасында №441 зауытты салуға атсалысқан. Зауыт іске қосылғанда токарь болып еңбек еткен адам. Өзінің еңбекқорлығы арқасында түрлі қызмет сатыларында сыналды. Ұйымдастырушылық қабілетін бағалаған зауыт басшылығы оны жөндеу-механикалық цехының бастығы қызметіне жоғарлатқан. Алайда, жетекшлікті қолға алып жалындап жұмыс атқарып жатқан шағында өмірден озды. Бар –жоғы 41 жыл өмір сүрген екен. Анасы Роза Тспаева 38 жасында жесір қалды. Ер баладан бас көтерер Марат 15 жаста ғана. Алдында бірер жас үлкен апасы бар, артында қарындасы еріп келеді.

-         Анама бұл кезде өте ауыр тиді. Енді ғана тұрмыстары көтеріліп, ел қатарына қосылып жатыр еді. Буыны қатпаған үш бала анамызға қарап қалдық. Бәріміз мектеп жасындамыз. Ер бала болған соң, жұмыс істеп анама жәрдемдессем деген ойымды жеткіздім. Анам көп ойланбастан оқы, білім ал деді. Жұмысшы мамандығын ал, сосын жұмыстың реті болар деп кесті. Сол жылы қаладағы №13 кәсіптік-техникалық училищеге бардым. Өлшеу-бақылау приборлары слесарына оқуды бастадым. Бір жылдан соң, тәжірибе кезінде мұнай өңдеу зауытына сұрандым. Кадр бөлімі жақсы қарсы алды. Сол жерге №7 цех бастығы Петр Сегиданы шақыртып ертіп жіберді. Бәрі де әкемнің көзін көргендер ғой, баласының ер жеткеніне қуанып жатқандары. Тәлімгерім майдангер Борис Почиталин болды. Қатал да әділ адам. Бауырмалдығы ерекше. Ардагердің қасында «Гудри» қондырғысында жарты жыл тәжірибеден өттім. Ол кезде бәрі де американдық құрылғылар. Тек нұсқаулықпен ғана жұмыс істейсің. Шетелдік құрылғыда жұмыс істеуге машықтандым. 1971 жылы училищені бітірісімен зауытқа келдім. Сол жылы Кеңес армиясы қатарына шақырылып, Қиыр шығыста әскери борышымды өтедім. 1973 жылы әскерден келген соң, №1 цехта өлшеу-бақылау приборларының слесары болып қызметке кірістім. Осы кезеңде Павел Шолохов, Павел Азовский, Бекер Джафаров пен Юрий Сухониндердің тәлімін алдым. Білгендерін үйретіп, өмір жолымда маман болып қалыптасуыма үлкен ықпал етті. Оқуды ары жалғастыра алмадым, апа-қарындасыма көмектесуім қажет болды. Бір жағынан анама жәрдемдестім.

   Марат Айдинов 1975 жылы Любовь Немковамен отау құрды. Жұбайы зауыттағы орталық құрылыс зертханасында жұмыс істейтін. Екеуі 4 бала өсіріп, тәрбиеледі. Бәрі де жоғары білім алып, сан-салада қызмет етеді.

   Марат Хайруллаұлы 1980 жылы №5 цехта баяу кокстеу қондырғысына жіберілді. Жаңа қосылған қондырғыға Кеңес Одағының түпкір-түпкірінен жас мамандар алынып, арнайы бригада құрылған. Мәскеуден технологтар келді. Осындай құрама бригадасының мүшесі болғанын ол әлі күнге мақтанышпен айтады. Себебі, бақылау-өлшеу приборларының слесарының білігіне өзге елдің мамандары тәнті болған еді. Кейінгі жылдары М.Айдинов өзіне ізбасарлар дайындады. 2014 жылы зейнеткерлікке шыққанша бірнеше маманды дайындап кетті. Бүгінде олар ардагердің ізгі ісін жалғастыруда. Бастысы ерте өмірден өткен әкесінің жолын жалғап, алдындағы парызын өтеді.      

Back to news list

Keep up with the latest news.
Subscribe newsletter!
Subscribe