Атырау мұнай өңдеу зауытында мұнай-газ кешені қызметкерлері күніне арналған іс-шаралар мәресіне жетті. Биыл кәсіби мереке Қазақстан мұнайының 125 жылдығын тойлаумен тұспа-тұс келді.
27 тамыз күні кәсіпорынның дамуына ерекше үлес қосқан қызметкерлерге құрмет көрсетілді. Салтанатты жиында «АМӨЗ» ЖШС бас директоры Ғалымжан Жусанбаев жиналғандарды құттықтап, ұзақ жылғы мінсіз қызметтері үшін алғыс айтты.
«Біздің зауыт қол жеткізген жетістіктермен тоқтап қалмай, үздіксіз дамып келе жатыр. Бұл – қызметкерлердің қажырлы еңбегінің нәтижесі. Мұнай өңдеудің мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудағы жауапкершіліктеріңіз үшін ерекше ризашылығымды білдіремін. Сіздердің адал еңбектеріңіз мұнай-газ саласының тұрақты дамуына серпін беруде», – деді кәсіпорын басшысы.
Іс-шара барысында зауыттың 35 жұмысшысы мен ардагері ҚР Энергетика министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен, «Мұнай-газ кешенін дамытуға қосқан үлесі үшін» медалімен, ҚР ЭМ-нің «Мұнай-газ саласының еңбек сіңірген қызметкері» төсбелгісімен, ведомстовоның құрмет грамотасы және алғыс хатымен, сондай-ақ Kazenergy ассоциациясының Қазақстан мұнайының 125 жылдығына арналған мерекелік медалімен, «ҚазМұнайГаз» АҚ ҰҚ, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ және салалық кәсіподақ ұйымының естелік белгісі және құрмет грамоталарымен марапатталды.
Сонымен қатар 45 зауыттыққа «Кадр қызметкері», 20 жұмысшыға «Зауыт ардагері» атақтары берілді. 16 маманның есімі Құрмет тақтасына, ал 15 қызметкердің аты-жөні Құрмет кітабына енгізілмек. 64 мұнай өңдеуші зауыттың бас директоры мен кәсіподақ ұйымы төрағасының Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын, 20 зауыттық «Қазақстан мұнайына 125 жыл» мерекелік медалін иеленді. «Үздік механик», «Үздік қондырғы бастығы», «Үздік өндіріс бастығы» және «Үздік бөлім басшысы» номинацияларының жеңімпаздары да қошеметке бөленді.
Кәсіби мереке қарсаңында қызметкерлер арасында шахмат, дойбы және тоғызқұмалақтан турнир ұйымдастырылды. Жыл сайынғы көркемөнерпаздар сайысында зауыттықтар вокалдық және инструменталдық орындау, би, актерлік шеберлік номинациялары бойынша өнерлерін көрсетті. Жеңімпаздар дипломдармен және ақшалай сыйақымен марапатталды. Спорттық және шығармашылық сайыстардан бөлек АМӨЗ жұмысшылары үшін тимбилдинг ұйымдастырылмақ.
Зауыттықтардың мұнай-газ саласына сіңірген еңбегі облыстық және республикалық деңгейлерде де бағаланды.
28 тамызда Махамбет Өтемісов атындағы драма театрында Қазақстан мұнайының 125 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті. Іс-шараға Атырау облысының әкімі Серік Шапкенов, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов, Энергетика вице-министрі Құдайберген Арымбек, сондай-ақ сала ардагерлері мен басқа да сыйлы қонақтар қатысты. Еселі еңбегімен ерекшеленіп, мерейтойлық медаль, құрмет грамотасы мен алғыс хат алған сала қызметкерлерінің қатарында АМӨЗ-дің 7 жұмысшысы мен 5 ардагері бар.
Мерейлі даталар қарсаңында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Үкімет басшысы Олжас Бектенов те мұнай-газ саласының ардагерлері және үздік мамандарымен кездесті. Салтанатты шаралар барысында зауыттың екі қызметкері мен бір ардагері президент қолынан «Парасат», «Құрмет» ордендері мен «Ерен еңбегі үшін» медалін алса, тағы екі зауыттық премьер-министрдің алғыс хатына ие болды.
Назад к списку новостей